Эссе «Жадымда тұрар жаңғырып»

Акназарова Фариза Ерназаркызы
Степногорск қаласы «А. Косарев атындағы №9 орта мектебі» ММ бастауыш сынып мұғалімі

 

Ұстаз! Ұстаз-алдында шәкірт болмаған, мол мейірі мен пәк пейілінен сусындамаған, парасат пен пайымынан нәр алмаған адам баласы кездеспейтіні күмәнсіз.

Бұл ақиқат-Ұстаздың ұлтының тәрбиешісі болып, сол арқылы адамзат ақыл-ойының іргетасын қалаушы, білім баспанасының, ғылым ғимаратының құрылысшысы екендігінің көрсеткіші іспетті. Мен қазір бастауыш сынып мұғалімімін, асқан ақынымыз Қасым Аманжолов «жеті кетті жүгіріп, жетпіс қалды үңіліп» деп немересін Алғашқы қоңырау күні мектепке әкелген ақсақалды жырға қосқан өлең жолдарындай, өзі де ұстаз болған атам жетелеп әкелген білім ордасындағы ағайлар мен апайлардың алдында әлі күнге дейін өзімді оқушыдай сезінемін. Ұстаздың алдымен зердеңді, біртіндеп «ғажайып дүниенің сырын ашқан» ғаламат қадыр-қасиеті, ұлылығы мен ұлағаты осында деп білемін.

Халқымызда «ұстаның да ұстаз болады» деген қанатты сөз бар, демек қара темірді төске салып, балғамен қамырша илеп, түрлі бұйымдар жасайтын ұстаңыз, асыл тастардан, алтын мен күмістен әсем әрі нәзік нақыштар соғатын-зергердің де бір зерделі ұстазы болған ғой. Сол себептен ұстаз болу ұшы-қиырсыз үлкен ұғым, мына дүниенің өзі ұстаз еңбегінің арқасында жаңғырып, жаңарып алып, дамудың даңғыл жолына түсетін тәрізді. Ұстаздықтың ұлылығы және ауқымдылығы мен асқақтығы туралы ой қозғаған соң, оның ең ежелгі мамандықтардың бірі екендігіне және әлемдік деңгейдегі ұлы ұстаз туралы тоқтала кетпекшімін.

Мың жыл бұрын, орта ғасырларда өмір сүрген, Отырар қаласының тумасы Әбунәсір әл-Фараби Екінші ұстаз (мұғалім-сани) деп дәріптеліп, даңқы мен даналығын дүниежүзі тән алған. Сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің, ғылымның дамыған жері-араб елдеріне білім қуып барған ғылми жиындарға, сұхбаттарға қатынасуға келгенде, патшалар мен мемлекет басшылары алтын тағынан тұрып, қалаған жеріңізге отырыңыз деп, ұстаз ретінде сыйлап, тағзым жасаған.

Бұл нағыз ұстазға сонау ерте замандардан-ақ аса жоғары құрмет көрсетіліп келгендігін білдіреді. Ұстаздық, ұстаз еңбегі қазіргі дәуірде де қадірлі және аса қажет мамандық, жаңа тәуелсіздік алып, дамып келе жатқан жас мемлекетіміз оларды ұлықтап, кезең-кезегімен жеңілдіктер жасап келе жатыр.

Бұл тұста бір айта кетер жайт, ұстаздық ету қай дәуірде болмасын қызығы мен қиындығы қатар жүретін, керемет күрделі, жауапкершілігі мол жұмыс. Егемендік алып, елдігіміз еңселенген соң, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен инновацияға негізделген білім саласы ұстаздар үшін мол мүмкіндіктер әкелді. Олар білім мен ғылымды барынша жаңғырту, алдыңғы қатарлы елдердің озат тәжірибелерін үйрену мен пайдалануға жол ашты.

Дегенімен, білім беру ісінде басты тұлға ұстаз, ұстаз еңбегі болып қала береді. Осы орайда ұстаздар жайлы жазылған үш шумақ өлеңімді келтіріп өтейін.

Ұстаз деген ұға білсең-ұлылық,

Ұстаз болу ізгілік пен ірілік.

Балаларды болашаққа бастайтын,

Жансарайы-жарық, жалын, жылылық.

 

Ұмтылмайды-байлық және билікке,

Ынтығады-білім, бақыт, бірлікке.

Ұрпақ деген күндей күлген-келешек,

Ұстаздар ғой-тұғыр құяр тірлікке.

 

Қоңыраудай сыңғырласа қоңыр үн,

Ұл мен қыздың көркейтетін көңілін.

Омырауыма орден тақ деп айтпайды,

Нұрландырса болды ел-жұрт-өмірін.

 

Бүгін бізге, ұстаздар қауымына ізденімпаздыққа, ілгерілеуге, жасампаздық жұмыстар жүргізуге барлық жағдай бар деп білемін. Солардың бірі де бірегейі; Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы, Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша оқушыларға сынып және сыныптан тыс тағыда басқа отансүйгіштік, елжандылық қабілетін дамытатын тәрбиелік жұмыстар мен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу аса қажет, өте қызық. Себебі, дайындау үшін теледидар хабарлары, мерзімдік баспасөздегі мақалалар, тақырыптық плакаттар, түрлі көрнекілік материалдар жеткілікті.

Ұстаздық пен ұстаздар атқаратын кейбір жұмыстар жайында айта келе, өзімнің де ұстаз болғаныма, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын.

Ұстаз болу-күнделікті оқу мен ізденіс, сондықтан ұстаз-рухани дүниесі үнемі жаңғырып жүретін жан.

Балғын балалармен жұмыс істеу, олардың ішкі әлемін, жан-дүниесін тәрбиелеу, білім беру, ғылым үйрету, азамат болуына ат салысу қандай ғанибет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.